Бұл жағдайлардан кейін халықтың қайырымдылық қорлар мен жылу жинауға қатысты пікірі өзгергені анық. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева халықты көмек қолын созбас бұрын қайырымдылық операторларын жақсылап зерттеуге шақырды. Осы ретте бірқатар ақпарат көзінде Мәдениет және ақпарат министрлігі "Қайырымдылық туралы заңға енгізілмек өзгерістер мен толықтырулар" жобасы бойынша жұмыс тобын құрып, бірқатар кодекске жаңа ережелер қосуды көздеп отырғаны туралы хабарланды. Ал қоғам белсенділері мен кей заңгерлер бұл мәселе бойынша “үкімет қор жұмысын толықтай бақылауға алып, шектегісі келеді” деген пікір білдірді.
ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ҚОР ЖҰМЫСЫН БАҚЫЛАУДЫҢ ЖОЛЫ БАР МА?
Министрлік пен Парламент Мәжілісінің сайттарында жоғарыда аталған заң жобасы туралы мәлімет жоқ. Елімізде қайырымдылыққа қатысты екі заң жұмыс істейді. Бірі – 2001 жылы қабылданған “Коммерциялық емес ұйымдар туралы” заң, екінші “Қайырымдылық туралы” заң 2015 жылы қабылданған. Екі заңға да бірнеше рет өзгеріс енгізілген. “Қайырымдылық туралы” заңның 2-тарауындағы, 8-бапта: “Қайырымдылық ұйымдары жылына бір реттен сиретпей орындалған қайырымдылық бағдарламасы туралы есепті бұқаралық ақпарат құралдарында және (немесе) қайырымдылық ұйымының интернет-ресурсында жариялауға міндетті” делінген. Электронды үкімет порталында бас-аяғы 40-тан астам ұйым тіркелген. Тіркелген қайырымдылық қорлар әлеуметтік, ғылыми, шығармашылық, білім беру, мәдени, халықаралық және тұрғын үй бағыты болып жіктелген.
Олардың қатарында Нұрсұлтан Назарбаев, Болат Өтемұратов атындағы, «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры сияқты көпке белгілі ұйымдар бар. Одан бөлек тұрғын үй бағыты бойынша жоғарыда аталған Asar–Ume қоғамдық қоры мен “Харекет” қайырымдылық қоры” сияқты әлеуметтік желіде кеңінен танылып жүрген ұйымдар бар.
Күнтәртібінде жылу жинау тәртібін реттеу мәселесі туындағаннан бері көпті мазалаған сұраққа қатысты заңгер пікірін білмек болдық. Заңгер Нұрсұлтан Орыналыұлы “Қорлардың бүгінге дейін қалыптасқан жұмысы кезіндегі “Ескі Қазақстан” үшін тиімді десек болады. Қорлардың түрлі заңсыз жолмен келген қаражатты жылыстатуға мүмкіндігі болды. Қайырымдылық, қоғамдық, коропративтік қорлар қоғамдық ұйым ретінде тіркелгендіктен, аудит жүргізілмейді, салық төлеуде белгілі жеңілдіктері бар. Сол себепті заңға бағынатын тәртіпті мемлекет, әділетті қоғам құрамыз десек, қорлар да жеке тұлғалар, басқа ұйымдар секілді есеп беруі керек деп ойлаймын. Бүгінде қоғамдық қорларға мемлекеттік аудит күші жүрмейтінін ескере кеткен жөн. Қорлар аудит үшін жеке компанияларға жүгіне алады, дегенмен оның қорытындысы ашық ресурстарда жарияланбайды. Көбіне баспасөз мәслихаттарында, баяндамаларда ғана қанша қаражат жиналғаны, қаншасы жұмсалғанын атап өтумен шектеледі. Менің ойымша, қолданыстағы заңға өзгеріс енгізудің мақсаты – ұйымдарды мемлекет балансына өткізу, толықтай бақылау емес, мүмкіндігінше есеп тапсыруға міндеттеу. Құзырлы органға белгілі бір мерзім сайын есеп тапсырып немесе салық мекемелеріндегі қолданыста жүрген нөмірлі декларация бекітіліп, сол бойынша ұйымның табысы мен шығыны ашық көрсетілсе, халықта да артық сұрақ туындамайды”, - дейді.
“ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ТУРАЛЫ” ЗАҢ РЕФОРМАЛАУҒА МҰҚТАЖ”
“Күмәнді экономика тек бизнеске қатысты мәселе емес, оның басым бөлігі қоғамдық қорлар, коммерциялық, коммерциялық емес ұйымдар арқылы да жүзеге асады. Оларды жабу керек, жұмысын шектеу керек деп шектен шықпай, заң нормалары арқылы жұмысын бір ізге түсіру керек деп ойлаймын. Ал мемлекет тарапынан бақылау мәселесіне келсек, қоғамда талқыланып жатқан толықтай бақылау деген пікірмен келіспеймін. Қорлар әрі қарай да жұмыс істейді, мемлекет міндеттемелермен қатар жаңа мүмкіндіктер де беруі керек. Дегенмен есеп – талқылауға жатпайтын мәселе. Барлық ұйым есеп беруге міндетті. Бұл тек үкімет алдындағы есеп емес, халыққа берілетін есеп. Қайырымдылықпен айналысатын ұйымдар көпшілік алдындағы жауапкершілікті ұмытпауы керек. Қор құрыларда міндетті түрде бекітілетін қамқоршылар кеңесі бар. Кеңес мүшелері сол қордың беделі, абыройы үшін жауапты. Бұл мәселеге қатысты да заң нормаларын енгізу керек. GreenPeace сияқты халықаралық ұйымдар тәуелсіз болса да, есебін жариялап отырады. Тәуелділік пен міндеттеу – екі бөлек нәрсе, оларды шатастыруға болмайды. Есеп үкіметтің ғана емес халықтың да талабы. Бұл заңның қайта қаралуы да қоғамдық пікірдің билікке жетуінен туындап отыр деп есептеймін”, - дейді заңгер Нұрсұлтан Орыналыұлы.
Жылу жинау, асар – қазақи түсініктің ажырамас бөлігі. Қазіргідей волонтерлік, қайырымдылық, краудфандиң, донат сияқты жұмылдыратын қозғалыстардан бұрын қанмен, тәрбиемен сіңген түсінік. Ал жақсылық жасап жарысуға шақырған белгілі азаматтардың ұнамсыз әрекеті қайырымдылық институттарына деген сенімді азайтты ма деген орынды сұрақ пайда болады.
Осы ретте заңгер “Сенімге селкеу түскенімен, қорлар жұмысын тоқтата қоймас. Бұрын қор құру үшін 10-нан астам құрылтайшы қажет болса, мемлекет жеңілдетіп, құрылтайшылар санын қысқартты. Жақсы әрі заңды жұмыс істейтін мекемелер мемлекетке де көмек. Волонтерлер жылы сияқты бастамалардан да қоғамдық ұйымдарға деген қолдауды барын түсінсек болады. Адам бар жерде, еліміз бар да жылу жинау, бір-бірімізді қолдау жалғаса береді”, - дейді Нұрсұлтан Орыналыұлы.
Авторы: Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.