Алматыда жылу мен ыстық су тарифі 1 сәуірден бастап 10 пайызға дейін өспек. Бұл жайында Алматының коммуналдық кәсіпорыны өз сайтында ақпарат жариялап, алайда кейін өшіріп тастаған, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
“1 сәуірге жарияланған тарифтерді уәкілетті орган қайта қарайтын болды. Көрсетілген тарифтердің күшіне енуіне әлі біраз уақыт бар. Сондықтан, тұтынушыларды жаңылыстырмау үшін ақпарат уақытша алынып тасталды. Тарифтер әзірге өзгеріссіз қалады”, – деп түсіндіреді бұл жайтты кәсіпорынның баспасөз қызметі.
“Алматы жылу желілері” мекемесі 1 сәуірден бастап тарифтің нақты қанша процентке қымбаттайтынын айта алмайды. Баға табиғи монополиялар туралы заңама тәртібімен жарияланатынын хабарлады. Бастапқыда тарифті 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап көтеру жоспарланған, бірақ мерзім сәуірге шегерілген. Ал, алматылықтар әлеуметтік желілерде коммуналдық төлем сомасының қаңтар айында күрт өскеніне шағымданып жатыр.
“Алдыңғы айда коммуналдық төлемге 23 мың теңге төледім. Бұл жолғы квитанция 45 мың теңгеге келді, бұл шамамен 100 пайызға өскен деген сөз ғой”, – деп жазады әлеуметтік желіде.
Коммуналдық мекеме төлемдердің дәл бұл өсіміне қосылған құн салығының әсері бар деп отыр.
“2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қосылған құн салығы 16 пайызға ұлғайтылды. Осыған байланысты жылумен жабдықтау қызметі бойынша есептеулер жаңа мөлшерлемемен жүргізіледі. Бұл ақпан айындағы түбіртектегі жалпы соманың өсуіне әсер етті”, – деп түсіндірді.
Электр энергиясына қатысты жеткізуші мекеме «есеп айырысу электр энергиясы үшін 16 пайыздық қосылған құн салығы мөлшерлемесімен жүргізіледі» деп хабарлады. Ал суық су және су бұру тарифтері өзгеріссіз қалған.