Елордада медициналық авиацияда жұмыс істейтін шамамен 20 шақты қызметкер еңбек жағдайын жақсартуды және жалақыны арттыруды талап етті, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты «Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы» 2011 жылдан бері жұмыс істейді. Мамандар өңірлерден науқастарды Астана мен Алматы қалаларындағы клиникаларға тасымалдайды. Орталықта дәрігерлер, фельдшерлер мен санитарларды қосқанда барлығы 57 қызметкер бар.
Медицина қызметкерлерінің айтуынша, коронавирус пандемиясы кезінде жалақы 20–30 пайызға артқан. Қазір олардың айлығы орта есеппен 300–350 мың теңге шамасында. Алайда қызметкерлер «төлемдер жиі кешіктіріледі, ал жұмыс жүктемесі белгіленген нормадан асып түседі» деп отыр. Nege.kz мәліметінше, жиналғандар жалақыны кемінде 20–30 пайызға көтеруді, сондай-ақ жеңілдіктер мен арнайы мәртебе беруді талап еткен.
Орталық өз кезегінде күн сайын диспетчерлік қызметке шамамен 10 өтінім түсетінін мәлімдеді. Астана мен Алматыдан санитарлық авиация желісінің мобильді бригадалары тәулігіне орта есеппен 1–2 рет ұшады.
«Қазір медициналық авиация мобильді бригадасы дәрігерінің орташа жалақысы 800–900 мың теңгені, мобильді бригада фельдшерінің жалақысы 410–480 мың теңгені, шақыртуды қабылдайтын фельдшер-диспетчердің жалақысы 350–400 мың теңгені, санитарлардың жалақысы 300 мың теңгені құрайды», – деп хабарлады Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы.
Мекеме бұл көрсеткіштердің күніне 15 шақыртуға шығатын жедел жәрдем қызметкерлерінің жалақысынан жоғары екенін атап өтті.