Әлеуметтік желіде мойнына шынжыр тағып, көлікке байланған күйі қан-жоса болып жерде жатқан иттің видеосы тарады. Оқиға 12 ақпанда болған, жануар тірі қалған деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Кадрлардан иттің жол бойымен сүйретілгені, салдарынан ауыр жарақат алғаны көрінеді. Бейнежазбаны жариялаған адам белгісіз біреулер итті әдейі көлікке байлап, сүйрегенін айтып, көмек сұраған.
Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл дерек бойынша тексеру жүргізілгенін хабарлады. Көлік иесінің жеке басы анықталған.
«Ол жануарға қатыгездік жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке міндетті түрде тартылады», – деп мәлімдеді мекеме.
Полиция өкілдері жануарларға жасалған кез келген зорлық-зомбылық фактілері заңнамаға сәйкес тексерілетінін еске салды.