13 ақпанда ауа райының күрт бұзылуына байланысты Астана, Абай, Шығыс Қазақстан және Тараз қалаларында мыңдаған оқушы қашықтан оқыту форматына ауыстырылды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Астанада 13 ақпанда бастауыш сыныптар мен 5–6 сынып оқушылары онлайн форматқа көшті. Мұндай шешім ауа температурасының төмендеуіне байланысты қабылданған.
Абай облысында сынап бағанасы -23 градусқа дейін түсті. Қатты аяз бен көктайғақ салдарынан Семей қаласындағы 1–9 сынып оқушылары, сондай-ақ Бесқарағай, Көкпекті, Жаңасемей және Бородулиха аудандарындағы мектеп оқушылары қашықтан оқуға жіберілді.
Шығыс Қазақстан облысында ауа температурасы –26,6°С-қа дейін төмендеді. Риддер қаласында барлық мектептердің бірінші ауысымында оқитын 0–4 сынып оқушылары онлайн форматқа ауыстырылды. Ал Алтай қаласында бастауыш сыныптар қашықтан оқуға көшті. Сонымен қатар 13 ақпанда -28°С-тан -35°С-қа дейінгі аязға байланысты Қатонқарағай, Марқакөл және Самар аудандарындағы мектептер де онлайн оқытуға ауыстырылды.
Тараз қаласында да барлық мектептер қашықтан оқуға жіберілді. Жамбыл өңірінде соңғы күндері қалың қар жауып, ауа райы күрт нашарлаған. Айта кетейік, Жамбыл және Түркістан облыстарында жол қозғалысына да шектеу енгізілген.