homepage

Марқұм Шерзаттың әкесінің үстінен қылмыстық іс қозғалды

Juzmedia. kz
12.12.2024, 14:52

Алматы облысында кісі қолынан қаза тапқан жасөспірімнің әкесіне қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

ПОЛИЦИЯ ҚАНДАЙ АЙЫП ТАҚТЫ?

Бұл туралы Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

«10 желтоқсанда азамат Қ. Нұрымов бұзақылық және көлік құралдарының қозғалысына кедергі жасау фактісі бойынша ұсталды. Ол қоғамдық орында және полиция қызметкерлеріне қарсы дөрекі сөз сөйледі, оларды пышақпен қорқытты, сонымен қатар басқа біреудің мүлкіне қасақана зақым келтірді, атап айтқанда, көлікті пышақпен сырып, дөңгелекті тесіп тастады. Іс-әрекетке тоқтамай, айналасындағыларға, оның ішінде кәмелетке толмағандарға қауіп төндіре отырып, қоғамдық тәртіп пен айналасындағылардың тыныштығын бұзды. Бұзақылық фактісі бойынша сот оны 15 тәулікке әкімшілік қамауға алуды тағайындады», - делінген ПД хабарламасында.

Сонымен қатар полиция бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіру фактісі бойынша қылмыстық іс тіркеді.

«10 желтоқсанда Еңбекшіқазақ ауданының Азат ауылында орын алған құқыққа қарсы іс-қимыл нәтижесінде автокөлік иесіне материалдық залал келтірілгені анықталды, бұл әкімшілік жауапкершілік шегінен едәуір асып, іс-әрекеттің қылмыстық саралануына әкеп соғады.

Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайларын анықтау мақсатында жан-жақты, толық және объективті тергеу жүргізіліп жатыр.
Полиция сонымен қатар жазаның бұлтартпаушылығы және заң мен тәртіпті сақтау қағидаттарын басшылыққа ала отырып, полиция құқық бұзушылықтардың барлық фактілерін, оларды кім жасағанына қарамастан, елдегі заң мен тәртіпті қамтамасыз етудің негізі саналатын бейтарап тергеуге міндетті екенін хабарлаймыз», - делінген хабарламада.

ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ

4 қазанға қараған түні Талғарда жаппай төбелес кезінде пышақ жарақатынан 16 жастағы Шерзат Полат көз жұмған болатын. Аталған қылмысқа қатысты 11 адам ұсталды. Ал бірнеше апта өткен соң Азат ауылындағы Шерзаттың отбасы тұратын үй өртеніп кетті. Бас прокуратура үйдің қасақана өртелгенін хабарлады.

Ал 9 желтоқсанда Шерзаттың ағасы Нұрғанат Ғайыпбаевтың мәйіті Талғар қаласының маңынан табылды. Өлер алдында ол отбасына хат жазып кеткен. Медициналық қорытындыға сәйкес, ер адамның өліміне асылып қалу немесе тұншығу себеп болған. Бауырының жерлеуі кезінде Қаржаубай Нұрымов «жолды жауып, полиция қызметкерлеріне әдепсіз сөздер айтып, оларды пышақпен қорқытқан, бөтеннің мүлкіне қасақана зақым келтірген» деген айыппен полиция оны 15 тәулікке қамауға алды.

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.