homepage
Фото: Ашық дереккөзден

"Қазақстандықтардың желісі" атанып кеткен Threads-ке жаңа функция қосылды

12.02.2026, 17:06

Meta Threads әлеуметтік желісінде Dear Algo атты жаңа функцияны сынақтан өткізіп жатыр. Бұл құрал арқылы қолданушы алгоритмге өзі не көргісі келетінін тікелей айта алады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Компанияның мәліметінше, функция жасанды интеллект негізінде жұмыс істейді және ұсынылатын контентті басқаруды жеңілдетеді. Бұрын лента қолданушының лайк, жазылу, қаралымына қарай автоматты түрде қалыптасса, енді қолданушының өзі «көбірек көрсет» немесе «азайт» деп нақты нұсқау бере алады. Мысалы, спорттық жарыстар кезінде спорт жайлы жазбаларды көбейтуге немесе сериал туралы талқылауларды уақытша азайтуға болады.

Функцияны қосу үшін бөлек баптауға кірудің қажеті жоқ. Threads-та ашық жазба жариялап, Dear Algo деп бастап, лентада нені көбірек не азырақ көргіңіз келетінін жазу жеткілікті. Жүйе сұранысты қабылдағаннан кейін үш күн ішінде лентаны соған қарай бейімдейді. Басқа қолданушының осындай жазбасын бөлісіп, сол баптауды өз лентаңызға да қолдануға болады.

Meta бұл қадамды лентаны барынша жеке талғамға сай ету үшін жасап отыр. Компанияның айтуынша, бұл алгоритмді «қолмен басқаруға» жақындататын тағы бір тетік.

Қазір Dear Algo АҚШ, Ұлыбритания, Аустралия және Жаңа Зеландияда қолжетімді. Қазақстанда әзірге іске қосылған жоқ, бірақ компания алдағы уақытта географияны кеңейтуді жоспарлап отыр. 

Айта өту керек, аталған әлеуметтік желінің Қазақстанда 2 млн жуық қолданушысы бар. Бұл ТМД елдері арасындаға ең жоғары көрсеткіш.