homepage
Фото: ChatGPT арқылы жасалды

IІМ ескертеді: "Әулие Валентин" әуреге салып жүрмесін

12.02.2026, 16:43

14 ақпанда “Әулие Валентин” мерекесін атап өткісі келетін ғашық қазақстандықтарды Ішкі істер министрлігі абай болуға шақырады. Әдетте, бұл күндері сауда қызып, жеңілдіктер мен жаппай сатылымдар жарнамасы жиілей түседі. Осы сәтті интернет-алаяқтар пайдаланып, жалған сайттар ашып, әлеуметтік желі арқылы азаматтарды алдауға тырысады. 

Министрлік тауарды тек сенімді әрі ресми сайттардан сатып алуға кеңес береді. Күмәнді сілтемелерге өтпей, тым арзан бағаға сақ қарау қажет. Егер баға нарықтан әлдеқайда төмен болса, бұл алаяқтықтың белгісі болуы мүмкін.

«Есіңізде болсын: шынайы сатушы асықтырып, қысым көрсетпейді және алдын ала толық төлемді талап етпейді. Кез келген күмәнді жағдайда мәміледен бас тартқан дұрыс», – деп ескертті ІІМ.

Сатушыдан тауардың бар екенін растауды, қажет болса бейнеқоңырау арқылы көрсетуді сұраудан арланбаңыз. Алаяқтар мұндай талаптан жалтарып, геолокация немесе өңделген сурет жіберуі мүмкін. Сондай-ақ, мамандар төлемді жеке шоттарға аудармай, күмәнді төлем жүйелерін пайдаланбауға кеңес береді. 

ІІМ жеке деректерді қорғауға да мән беру керегін айтты. Бөгде адамдарға пароль, SMS-код, CVV-код немесе банк картасының толық мәліметін беруге болмайды.