Қазақстан Қырғызстанның Ыстықкөл курорттық аймағындағы 58,8 гектар жерді 49 жылға жалға алмақ. Бүгін Сенат бұл келісімді ратификациялады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Атап айтқанда, Қазақстан төрт нысанға меншік құқығын алады. Олар “Қазақста” санаторийі, “Университет” пансионаты, “Самал” демалыс үйі және “Олимп” пансионаты. Бұл нысандардың барлығы кеңес заманында салынған. Келісімге сәйкес Қазақстан аталған демалыс орындарын 3-4 жұлдызды қонақүй деңгейіне дейін жаңартуға міндетті. Ал қырғыз тарапы нысандарды кері қайтарып алмауға кепілдік береді. Жер телімдері қатаң түрде демалыс және сауықтыру мақсатында ғана пайдаланылуы тиіс.
Сенатор Нұрия Ниязова қазіргі уақытта Президенттің Іс басқармасы “Қазақстан” санаторийін салу жұмыстарын бастапк еткенін хабарлады.
“Оны пайдалануға беру 2026 жылдың соңына жоспарланған. Санаторий аумағындағы қолданыстағы барлық ескі ғимарат пен құрылыс бұзылады. Тек тарихи-мәдени мұраны сақтау мақсатында Дінмұхамед Қонаевтың №1 саяжайы ғана орнында қалады. Ол үй-музейге айналдырылады», – деді сенатор.
Қалған нысандар бойынша дайындық жұмыстары пысықталып, қаржы тарту мәселесі қарастырылып жатқан көрінеді.