Батыс Қазақстан облысында мемлекеттік кәсіпорынның бухгалтері 118 миллион теңге бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді. Ол қаражаттың басым бөлігін букмекерлік кеңсеге бәс тігуге жұмсаған, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Облыстық прокуратура мәліметінше, ойынқұмарлыққа тәуелді қызметкер кәсіпорын қаржысын 1XBet платформасында құмар ойындарға салған. Сонымен қатар ұрланған ақшаның бір бөлігіне жаңа автокөлік сатып алған. Келтірілген жалпы шығын 118 миллион теңге.
Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Істі арнайы прокурорлар жүргізіп жатыр. Сот санкциясымен күдікті қамауға алынып, тергеу изоляторына қамалды. Сатып алынған автокөлікке тыйым салынды.
Қадағалау органы 2025 жылы өңірде прокурорлық шаралар нәтижесінде түрлі мемлекеттік органдардың 16 қызметкері құмар ойындарға қатысқаны үшін жұмыстан босатылғанын да еске салды. Бұған дейін Астанада өзін емші ретінде таныстырып, бірнеше адамды алдап 5,5 миллион теңгеден астам қаражатты иемденген ер адам сотталғаны хабарланған. Тергеу дерегінше, ол ақшаны да букмекерлік кеңседе бәс тігуге жұмсаған.