Жапонияда соңғы үш аптада толассыз жауған қалың қар салдарынан 50-ге жуық адам көз жұмды. Олардың дені қарт адамдар, деп хабарлайды Juzmedia.kz. Ал, түрлі дене жарақатын алғандардың саны 600-ге жуық.
Жазатайым оқиға жиі тіркелген аймақ – Ниигата префектурасы. Мұнда 17 адам опат болған. Жергілікті билік үйлер қар салмағына шыдамай құлауы мүмкін деген қауіппен армиядан көмек сұрады. Әскерилер қар тазалау және басқа да жұмыстарға тартылған.
Билік жүргізген сауалнамаға сәйкес, қайтыс болғандардың 46-сының 41-і 60 жастан асқан. Алдын ала мәлімет бойынша, олардың көбі үйлерінің шатырын қардан тазалау кезінде немесе аула маңын аршу барысында мерт болған. Бұл туралы Asahi Shimbun басылымы жазды.