homepage
Фото: facebook.com/d.shynybekov

Бұрынғы ректор мерзімінен бұрын бостандыққа шықты

12.02.2026, 10:03

1,7 миллиард теңге жымқырды деп 8 жылға сотталған Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің бұрынғы ректоры Дамир Шыныбеков мерзімінен бұрын бостандыққа шықты. Бұл ақпаратты Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті растады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Оқырмандар оның Алматыдағы сауда орталықтарының бірінде жүргенін байқағанын хабарлаған. Ресми сұрауға жауап берген ҚАЖК Шыныбеков заң аясында амнистияға ілігіп, қамауда отырған уақыты қайта есептелгенін мәлімдеді. Соның нәтижесінде сот үкімімен белгіленген жаза толық өтелді деп танылып, ол заңды негізде босатылған.

Еске салайық, 2020 жылдың қазанында сот  Шыныбеков пен университеттің бұрынғы бас бухгалтері Жанайым Спабекованы 2013–2018 жылдары 1,7 миллиард теңгеден астам қаржыны жымқырды деп таныған. Тергеу дерегінше, олар студенттер санын жасанды түрде көбейтіп көрсетіп, жалған келісімшарттар арқылы қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырған.

Айыптау тарапының мәліметінше, сол жылдары Білім және ғылым министрлігі университетке 10 миллиард теңгеден астам қаржы бөлген. Оның 1 миллиард 727 миллион теңгесі заңсыз иемденілген. Бұған дейін ұрланған қаржы пәтер мен қымбат көлік алуға жұмсалғаны хабарланған.