Абай облысында прокуратураның наразылығынан кейін бұрын сотталған ауданның экс-әкімі «Құрметті азамат» атағынан айырылды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Абай облысының прокуратурасы Бесқарағай аудандық мәслихатының бұрынғы аудан әкімі Нұрлан Сыдықовқа «Ауданның құрметті азаматы» атағын беру туралы шешімінің заңдылығын тексерді. Қолданыстағы қағидаға сәйкес, бұл атақ мінсіз еңбегі және қоғам мойындаған, елге нақты пайдасы тиген жетістіктері үшін беріледі.
Алайда Нұрлан Сыдықов Жарма ауданының әкімі қызметін атқарған кезде сыбайлас жемқорлық қылмысын жасап, Жарма аудандық сотының үкімімен сотталғаны анықталған. Осыған байланысты мұндай атақты сыбайлас жемқорлық үшін сотталған адамға беру орынсыз деп танылды.
Прокуратураның наразылығынан кейін аудандық мәслихат шешім қабылдап, экс-әкімді «Ауданның құрметті азаматы» атағын алғандар тізімінен сызып тастады.