Биыл елімізге Сырдария өзені арқылы келетін су көлемі екі еседей азаюы мүмкін. Ондай жағдай туса дария бойындағы Түркістан мен Қызылорда облыстарының диқандары судан тапшылық көріп, Аралға жетуі тиіс көлем қысқарады деген сөз.
Ұзындығы 3 мың шақырымнан асатын Сырдарияның суын Орталық Азиядағы төрт мемлекет пайдаланады. Бастауын Қырғыз жерінен алатын өзен Тәжікстан, Өзбекстан аумағы арқылы ағып келіп, Аралға құяды. Бұған дейін Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстан «Бахри Точик» (2016 жылға дейін Қайраққұм деп аталды) су қоймасының суын бірлесіп пайдалану жөнінде келісімге келген болатын. Аталған келісім 2025 жылы Душанбеде мұздықтарды сақтау мәселесіне арналған жоғары деңгейдегі халықаралық конференция аясында жасалып, хаттама рәсімделді. Айта кетейік, «Бахри Точик» су қоймасы 1950 жылдары Сырдария өзенінің суын реттеу мақсатында әрі су электр стансасы ретінде салынған. Ұзындығы 55 шақырым болатын қоймадағы судың жалпы көлемі 4,2 шаршы шақырымды құрайды.
2025 жылғы қараша айында Орталық Азияның Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясы (бұдан әрі - Су комиссиясы) 91-отырысында бес ел 2026 жылға арналған суды бөлісті. Отырыста Әмудария мен Сырдариядан алынатын су көлемінің лимиттері бекітіліп, «Бахри Точик»-тің жазғы жұмыс режимі келісілді. Нәтижесінде 2026 жылға арналған Сырдария өзенінен вегетациядан тыс кезеңдегі жалпы су алу лимиті 4,2 млрд текше метр деп бекітілді. Сонымен, Сырдария бойынша су бөлу келесідей:
Қазақстанға («Достық» каналы арқылы) – 460 млн м3;
Қырғызстанға – 47 млн м3;
Тәжікстанға – 365 млн м3;
Өзбекстанға – жалпы көлемнің 79,3%-ы немесе 3,347 млрд текше метр.

Су комиссиясы суды бұлай бөлу су ағынына, су қоймаларындағы сақтаулы қор мен өзен арнасындағы экологиялық ағынды сақтау міндеттемесін ескере отырып есептелгенін айтады. Бұл жерде назар аударатын көрсеткіш: былтыр Су комиссиясы 89-отырысында «Достық» каналынан Қазақстанға 909 млн, Қырғызстанға 270 млн, Тәжікстанға 1 905 млн, Өзбекстанға 8 800 млн текше метр су бөлінген болатын.
Сала мамандарының есебінше, былтыр көктемде аймақтағы өзендердің жоғарғы ағысында су мол болып, жылдық нормадан 119% асып түсті. Алайда суару маусымының соңына қарай су қоймаларындағы деңгей төмендеп кеткен. Мәселен, Тоқтоғұл су қоймасы шамамен 500 млн текше метрге, Әндіжан – 320 млн, Чарвак – 428 млн, «Бахри Точик» пен Шардарадағы тапшылық тиісінше 217 млн және 576 млн текше метрге кеміген.
Орталық Азияның ортақ проблемасы
Орталық Азия үшін судың қадірі мен маңызы – алтыннан да қымбат. Өйткені, аймақ суармалы жерлердің аумағы бойынша әлемде бесінші орында тұр. Өңір бұл көрсеткіш жөнінен тек Қытайға (74,5 млн гектар), Үндістанға (72,5 млн), АҚШ-қа (26,9 млн) және Пәкістанға (20 млн) жол береді.

Бұл өңірдегі негізгі су қоры – Қырғызстан мен Тәжікстандағы мұздықтардан түзіледі. Осы екі елдің аумағынан бастау алатын өзендер Өзбекстанға, Түрікменстанға және Қазақстанға ағады. Оның ішінде бес мемлекетке суы ортақ қос өзен – Сырдария мен Әмудария трансшекаралық маңызға ие. Алайда, соңғы жылдары климаттық өзгерістерге байланысты мұздықтар еріп, су көздері сарқылып келеді. Болжам бойынша, 2100 жылға қарай Қырғызстандағы мұздықтар 50–90%-ға дейін қысқарып, жер үсті ағыны 40%-ға азаюы мүмкін. Ал Тәжікстанда 1930 жылдан бері мұздықтар аумағы 30%-ға кеміген.
Қазіргі таңда Орталық Азия елдерінде су ресурстарының негізгі бөлігі ауыл шаруашылығы қажеттіліктеріне жұмсалады. Қалған үлес коммуналдық шаруашылық пен өнеркәсіпке тиесілі. Бүгінде жоғарыдағы бес елдің ішінде су ресурстарын суармалы жерге ең көп пайдаланылатын елі – Өзбекстан (54,2%). Қазақстанда бұл үлес 15,3% көлемінде.
БҰҰ деректеріне сәйкес, Орталық Азия елдері су тапшылығы мен оны тиімсіз пайдалану салдарынан жыл сайын 2 млрд долларға дейін шығынға ұшырайды. Ал Дүниежүзілік банк болжамынша, 2050 жылға қарай өңір халқының саны 90-100 млн адамға жетуіне байланысты (қазір – 79 млн-нан астам), су тапшылығы 25-30% деңгейіне дейін ұлғаяды. Сонымен қатар 2030 жылға қарай ауыл шаруашылығында пайдаланылатын суға деген сұраныс 30%-ға артуы мүмкін.
Әлемдік сарапшылар мен кейбір ұйымдар болашақта Орталық Азияда су ресурстарына қатысты дау-дамай туындайтынын жиі айтып, дабырайта дабыл көтеретін болған. Дегенмен, тарихта оған мысал да жетерлік. БҰҰ 2014 жылғы баяндамасында әлемде соңғы 50 жыл ішінде суға қатысты 507 жанжал тіркеліп, оның 21 әскери қақтығысқа дейін жеткені айтылыпты. Аз оқиға емес, әрине. Әдетте Африка құрлығында, Таяу шығыстағы қос өзен Тигр мен Ефратқа қатысты егестер іргелес жатқан мемлекеттер арасында жиі туындап жатады. Себебі жер бетіндегі судың 3%-ы ғана тұщы және бұл судың 2/3 бөлігінен астамы қар мен мұздан түзіледі. Жерасты суларына келсек, барлық тұщы судың 31%-ын құрайды екен.
Орталық Азия елдері үшін ортақ өзендер Сырдария мен Әмудария бойынан су азайғалы мұндай ұрымтал сәтті қалт жібермейтін сыртқы күштер су саясатына сына қағып, алауыздық тудырар жобаларға да дем беріп, тіптен оны өздері салып бермек те болған. Десе де, дәл қазіргі уақыт ондай пиғылға ыңғай берер емес. Оның үстіне, бауырлас бес мемлекет түйткілді мәселені бірлесе шешудің тиімділігіне ден қоя бастағандай. Қалай десек те, Орталық Азия суды ортақ әрі бірлесе пайдаланудың мәнісін шын ұғынатындай жағдайға жетіп отыр.
Аралды сақтау – аймақты сақтау
1990 жылдары Кеңес Одағының шаңырағы шайқала бастаған тұста Орталық Азияда су мәселесі даулы сипат ала бастады. Бұған дейін Сырдария мен Әмудария суларының айлық әрі сағаттық бөлінісін Мәскеу реттеп отырған-ды. «Балапан басына, тұрымтай тұсына» кеткен сәтте суды Мәскеуден бөліп отыру саясаты да қожырап, суға иелік ететін құрылым болмай қалады. Қазақстанның сол кездегі Су шаруашылығы және мелиорация министрі, белгілі гидротехник Нариман Қыпшақбаевтың айтуынша, Одақ құрамындағыбауырлас республикалардың су шаруашылығына жауапты министрлері (Н. Қыпшақбаев, В. Мельниченко, А.Нуров, А. Иламанов, Р. Гиниятуллин) мәселені өзара шешуге бел байлайды.
«1991 жылдың 11-12 қазанында Ташкентте бес мемлекеттің су министрлері жиналып, «су ортақ, сондықтан ортақ мекеме құрып, бірігіп басқаруымыз керек» деп шештік. Ол кезде Қазақстан әлі бөлінбей, Тәуелсіздігін жарияламай тұрған уақыт. Ташкенттегі кеңестің тарихи маңызы жоғары. Онда Орталық Азия халықтарының тарихи ортақтығына, олардың тең құқықтары мен өңірдегі су ресурстарын ұтымды пайдалануды қамтамасыз ету жолындағы ортақ жауапкершілігіне сүйене отырып, су шаруашылығы мәселелерін тиімді шешуге тек үйлестірілген әрі бірлескен іс-қимылдар ғана мүмкіндік беретіні мойындалды. Біздің бұл әрекетіміз Мәскеу үшін тосын әрі таңқаларлық оқиға болды. Дегенмен, орталықтағы кәсіби мамандар «дер кезінде қабылданған батыл шешім» деп баға беріп жатты»,– деп еске алады экс-министр.
Осы оқиғадан кейін төрт ай өткенде 1992 жылғы 18 ақпан күні Алматы қаласында Орталық Азияның бес елінің су шаруашылығы министрлері «Мемлекетаралық су көздерінің су ресурстарын бірлесіп басқару, пайдалану және қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы» келісімге қол қойды. Осы келісім арқылы іс жүзінде бірыңғай орган – Орталық Азия елдерінің Мемлекетаралық үйлестіру су шаруашылығы комиссиясықұрылды.
«Ендігі жұмыс Мемлекет басшылары деңгейінде жүргізілуі тиіс болды. 1993 жылдың 26 наурызда бес президент Қызылордаға жиналды. Мен де ішінде болдым. Мемлекет басшылары: «Біз Арал теңізін мына күйінде сақтай алмаймыз, осы 60 миллион халықтың күнкөрісіне жағдай жасайық», – деп Аралдың параметрін кішірейтуге келісті. Сол шешімнен кейін қазіргі «Кіші Арал» пайда болды. «Үлкен Аралдан» 12 шақырым бөгет салып, Кіші Аралды сақтап отырмыз. Оған қазір халық қайтып келді. Жылына 8-10 мың тоннаға дейін балық өндіріп отыр. Аралға балық өңдейтін кәсіпорындар салынды», – дейді Нариман Қыпшақбаев.
Ғалымдардың есебінше, қазіргі күні теңіз бетінен жыл сайын шамамен 3,3 млрд текше метр су буланып кетеді. Осылайша, табиғи шығынның өзі Солтүстік Аралға айтарлықтай кері әсерін тигізіп отыр. Одан бөлек, Орталық Азия мемлекеттері аумағындағы суармалы жерлер қажетті ресурсты өте тиімсіз жұмсап келеді. «Әмудария мен Сырдарияның жылдық қоры шамамен 120 млрд текше метр. Соның 105 млрд текше метрі қос өзеннің бойындағы 8 млн гектар суармалы жерге кетеді. Аралға бар-жоғы 10-15 млрд текше метр ғана қалады. Яғни, ұзындығы 200 мың шақырым каналдардың бойымен айдалған 105 млрд текше метр судың есебі жоқ», - дейді Нариман Қыпшақбаев қария.
2025 жылғы 1 қыркүйекте Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының кездесуінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ аясында су проблемаларын зерттейтін орталық құру жөніндегі бастама көтерген болатын. Өйткені, Қазақстанды қоса алғанда, Орталық Азия мен Қытайдың Шыңжаң өңірінде сумен қамту мәселесі ушығып келеді. Сарапшылар алдағы онжылдықта су тапшылығы тереңдеуі мүмкін екенін ескертіп отыр. Қазіргі таңда Халықаралық су ұйымын құру бастамасы консультациялық кезеңде. Сонымен қатар алдағы 22–24 сәуірде Астанада өтетін Өңірлік экологиялық саммит аясында да су тапшылығын жүйелі әрі кешенді түрде шешуді қарастыратын негізгі алаң болады деп күтіліп отыр.
Қазақстанның су дипломатиясы
Қазақстан су тапшылығына тек дипломатия арқылы емес, үнемдеп үйрену, тиімді жұмсау арқылы жауап беруге мәжбүр. Бүгінде елімізде судың бір гектарға жұмсалуы бізге климаты ұқсас мемлекеттерден 1,5–2 есе жоғары. Бұл туралы 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарында да ашық көрсетілді.
«Әлемде бір тонна күрішке 5 мың текше метр су жұмсалса, бізде – 10,4 мың. Бұл – ең қымбат ресурстың ашық ысырабы деген сөз. Мақта бойынша да әлемдік көрсеткіш тоннасына – 3 мың текше метр су болса, бізде – 4,3 мың текше метр. Қып-қызыл шығын. Ең қымбат ресурс – су. Оңтүстік аймақтарда 107 мың гектар жердің тұзы шығып, сорға айналып барады. Бұл жағдай ауылшаруашылық өнімдері көлемін бірнеше есе қысқартып отыр. Егер дер кезінде алдын алмасақ, сумен қамту туралы әңгімені былай қойғанда, азық-түлік қауіпсіздігі мен экологиялық апатқа әкелуі мүмкін», – дейді Нариман Қыпшақбаев.
Республикадағы жерасты сулары қор ретінде қарастырылғанымен, іс жүзінде өндірілуі қымбат ресурс, терең орналасуына және географиялық ерекшеліктерге байланысты шектеулі. Оның үстіне кейбір өңірлерде жерасты сулары ауызсуға тұрақты пайдалануға да жетпеуі мүмкін, сондықтан оған балама шешім ретінде иек арту қиындау.
Үкімет су үнемдеу технологияларын 2030 жылға қарай 1,3 млн гектарға жеткізуді көздеп отыр. Бұл бағытқа 228 млрд теңге бөлінген. Сонымен қатар жаңа Су кодексі өнеркәсіпке айналымды су жүйесіне кезең-кезеңімен көшу талабын енгізді. 2026 жылдың басынан бастап фермерлерге су беру жөніндегі келісімшарттар электронды форматқа көшірілді. Министрлік бұл биллингтік жүйе өтінім беруден бастап, нақты су тұтынуды есепке алу мен төлемге дейінгі бүкіл процесті қамтиды деп жоспарлайды.
Түйін
Тоқ етерін айтқанда, Орталық Азиядағы су тапшылығының себебі тек табиғи апатта ғана емес, ортақ суды басқарудағы дағдарыста, әрі оны тиімсіз пайдалануда болып тұр. Бауырлас бес ел үшін Аралды сақтау, трансшекаралық өзендер бойынша келісімдерді нақты орындау қазіргі сәтте экология талабын орындау емес, аймақтық һәм ұлттық қауіпсіздікке айналды. Ал судың аяғында отырған Қазақстанға ең басты қажеттілік – аз ресурсты үнемдеп әрі ұқыпты жұмсау.
Ұлағат Бекболат