Полиция Ресей азаматы Анар Абдуллаев пен Грузия азаматы Ренат Пашаевқа қатысты Қылмыстық кодекстің 174-бабы – ұлтаралық араздықты қоздыру дерегі бойынша қылмыстық іс тіркеді. Бұл туралы 11 ақпанда Астанада өткен брифингте Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев айтты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Оның сөзінше, аталған бап бойынша 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Қазір күдіктілер Алматыдағы тергеу изоляторында отыр.
Полиция дерегіне сай, олар TikTok желісіндегі тікелей эфир кезінде қоғамдық тәртіпке қайшы, азаматтардың ар-намысына тиетін сөздер айтқан. Құзырлы орган интернет кеңістігі жауапсыз пікір айтуға арналған орын емес екенін ескертті.
Әлеуметтік желі қолданушылары шетелдік стримерлердің қазақ қыздарына тіл тигізгенін сынап, оларды жауапқа тартуды талап еткен. Осыдан кейін екеуі «ұсақ бұзақылық» бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, сот шешімімен 15 тәулікке қамауға алынған еді.
Алайда белсенділер бұл жазаны жеткіліксіз деп бағалады. Енді олардың әрекетіне қылмыстық бап негізінде құқықтық баға беріліп жатыр.