Мәжіліс депутаттары газбен жабдықтау және газды үнемді пайдалану мәселелері бойынша заңға енгізілетін түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Құжатта газ құю бекеттері мен газбен жүретін көліктерге қойылатын талаптарды қатаңдату көзделген, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Депутат Еділ Жанбыршинның айтуынша, елдегі үш мыңға жуық автогаз құю бекетінің 90 пайызында газ сақтайтын контейнерлері жер үстінде орнатылған. 2025 жылы Түркістан облысы мен Атырау облысында дәл осындай бекеттерде жарылыс болып, адам шығыны тіркелген.
Заң жобасына сәйкес, енді жаңа газ құю бекеттерінде газ сақтайтын контейнерлер тек жер астында салынуы тиіс. Ал, қолданыстағы бекеттер 2031 жылдың 1 қаңтарына дейін газ сақтайтын ыдыстарын жер астына көшіруге міндеттеледі. Сондай-ақ көліктер мен тұрмыстық газ баллондарын арнайы рұқсат етілген орындардан тыс жерде толтыруға тыйым салу ұсынылып отыр.
Депутаттың мәліметінше, 2025 жылы Қазақстанда шамамен 2 миллион тонна сұйытылған газ тұтынылған, ал өндірілген көлем 1,8 миллион тонна болды. Яғни ішкі нарықта газ тапшылығы бар. Осыған байланысты өңір әкімдіктеріне автогаз құю бекеттерінің санын шектеу құқығын берілмек.