Алматы облысы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті 1Win атауымен заңсыз интернет-казино ұйымдастырған қылмыстық топқа қатысты тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Тергеу мәліметінше, олар заңсыз істі жасыру үшін басқа адамдардың атына бірнеше компания ашқан. 1Win арқылы 11 мыңнан аса ойын ойнатылып, спорт пен киберспортқа ақша тіккен. Ақша банк картасы, электронды төлем жүйелері және криптовалюта арқылы қабылданып, ұтыс та сол жолмен берілген.
Күдіктілер халықаралық іздеуге жарияланды. Сот оларды сырттай қамауға алу туралы шешім шығарды. Заңсыз жолмен табылған мүлікті тәркілеу жұмысы басталды.
Тәркіленгендер қатарында Mercedes-Maybach S500, Lamborghini Huracan, Toyota Land Cruiser көліктері бар. Сондай-ақ шоттардағы 151 миллион теңге, 14 600 АҚШ доллары және 44 400 еуро тәркіленді. Сот шешімімен жалпы құны 420 миллион теңгеден асатын осы мүлік түгелдей мемлекет кірісіне өтті.