homepage
Фото: Ашық дереккөзден

Ақтауда аққулар қырылып жатыр

10.02.2026, 18:08

Маңғыстау облысында аққулардың қырылу дерегі тіркелді. Қазірдің өзінде 11 аққудың өлексесі табылған деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Облыстың орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы жағалау аумағында мониторинг жүргізген. Аққулардың өлексесі анықталған соң облыстық ветеринария басқармасына, экология департаментіне және Ақтау қаласы әкімдігіне хат жолданып, судан және өлекселерден сынама алу сұралған.

Инспекцияның бас маманы Ербол Әлібековтің айтуынша, тексеру жұмыстары 8–9 ақпан күндері жүргізілген.

«Он бір аққудың өлексесі табылды. Аққулар жаппай қырылып жатқан жоқ, әр жерден шығып жатыр. Ішінде 2–3 аққуды ит талаған. Мұндай жағдайды өз көзімізбен көрдік. Қанаты сынып, ұша алмай қалған аққулар болады. Кейбірін әл жинап алған соң Қаракөл көліне жібереміз. Ал кейбірі қатты әлсіреп, өзі өліп қалады», – дейді ол.

Мамандар аққулардың судан улануы мүмкін деген ақпаратқа нақты жауап бере алмады. Себебі алынған су сынамасының қорытындысы бір апта ішінде белгілі болады.

Айта кетейік, мониторинг жұмыстары Қарақия-Қаракөл қорығы аумағындағы Қаракөл көлінде де жүргізіліп жатыр. Бұл көлде қыста шамамен 3–4 мың аққу қыстайды.