Қырғызстанда Камчыбек Ташиев министрлер кабинетінің төрағасының орынбасары – Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметінен босатылды. Тиісті жарлыққа ел президенті Садыр Жапаров қол қойды деп хабарлайды Juzmedia.kz.
24.kg басылымының жазуынша, Камчыбек Ташиев пен Садыр Жапаровтың көпжылдық саяси байланысы елдегі ең ықпалды әрі берік одақтардың бірі ретінде бағаланып келген. Олардың әріптестігі билікке келмей тұрып-ақ басталған. 2010 жылдардың басында олар бірқатар саяси процестерде бір позицияда болып, 2012 жылғы ортақ қылмыстық істі де бірге өткерген.
2020 жылғы қазан оқиғаларынан кейін бұл тандем толық қалыптасты: Садыр Жапаров президент болды, ал Камчыбек Ташиев ҰҚК басшысы ретінде күштік құрылымдардың негізгі тірегіне айналды. Ол ең резонансты істерді қадағалап, елдің күштік саясатын айқындаған негізгі тұлғалардың бірі болды.
Сарапшылар ортасында бұл одақ Қырғызстандағы ең мықты саяси дуэт ретінде сипатталып, Ташиевке қатысты кез келген кадрлық өзгеріс билік ішіндегі маңызды белгі ретінде қабылданған. Соңғы уақытта оның алдағы президент сайлауына қатысуы мүмкін деген әңгімелер тарағанымен, Ташиев бірнеше рет мұндай ойы жоқ екенін және Садыр Жапаровты қолдайтынын айтқан.
Садыр Жапаров Камчыбек Ташиевті қызметтен босату шешімін былай деп түсіндірді:
«Бұл шешімді ең алдымен мемлекет мүддесі үшін қабылдадым. Қоғамда, соның ішінде мемлекеттік құрылымдар арасында жік тумауы керек. Керісінше, елдің бірлігін нығайту қажет», — деді Қырғызстан президенті.