Ақтөбе облысындағы KAZ09 республикалық автожолында көктайғақ салдарынан жаппай жол-көлік оқиғасы тіркелді. Апат салдарынан 11 көлік соқтығысқан деп хабарлайды Juzmedia.kz.
ҚазАвтожол мәліметінше, оқиға 2026 жылғы 10 ақпан күні сағат 10:45 шамасында Алға ауданына қарасты Тамды кенті маңында болған.
Алдын ала дерекке сәйкес, жүк көлігінің жүргізушісі жолдың жүру бөлігінде үш автокөліктің соқтығысуынан пайда болған кедергіні байқап, қозғалысын ішінара тоқтатуға мәжбүр болған. Соның салдарынан сол бағытта келе жатқан өзге көліктер бірінен кейін бірі соқтығысып, барлығы 11 көлік жол апатына ұшыраған.
Оқиғаға байланысты 10 ақпан күні сағат 11:30-дан бастап аталған автожолдың 11–337 шақырым аралығы барлық көлік түрі үшін уақытша жабылды.
Қазіргі таңда апат орнында 7 бірлік арнайы техника жұмыс істеп жатыр. Атап айтқанда, 2 кешенді жол машинасы, 2 тиегіш және 3 МТЗ техникасы тартылған. Құзырлы органдар жол-көлік оқиғасының себептері мен мән-жайын анықтауда.
Мамандар жүргізушілерді республикалық маңызы бар автожолдарда сақтық шараларын күшейтуге, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және жол жағдайын ескеруге шақырады.