Астанада бір ер адам алты ай бойы бір әйелді аңдып жүргені үшін жауапқа тартылды деп хабарлайды Juzmedia.kz қалалық прокуратураның ақпаратына сүйеніп.
Прокуратура мәліметінше, ол жәбірленушімен байланысуды тоқтату жөніндегі талаптарды, мессенджерлердегі бұғаттауды және қорғау нұсқамасын елемеген. Ер адам әйелдің үйі мен жұмыс орнына бірнеше рет барып, келісімінсіз бейнежазбаға түсірген, сонымен қатар оған психологиялық қысым көрсеткен.
Сот ер адамды сталкинг жасағаны үшін кінәлі деп танып, 100 сағат қоғамдық жұмысқа міндеттеді және моральдық зиянды өтеу туралы шешім шығарды. Бұған қоса, оның бұрын бостандығын шектеу түріндегі жазаны өтеп жүріп, талаптарды бұзғаны ескеріліп, өтелмеген жаза бөлігі бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды.