Астанада «Жайдарман – қазақ контентінің кадрлық базасы» атты республикалық форум өтті. Іс-шара Жайдарман XXII маусымының ашылуына арналды деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Форумға ҚР Парламенті Сенатының экс-депутаты, қоғам қайраткері Дана Нұржігіт қатысып, Жайдарман мектебінің маңызына тоқталды.
«Мұндай Жайдарман форумы өтіп жатқаны – қозғалыстың даму жолындағы жаңа кезең. Өйткені Жайдарман өсті, дамыды, қанатын жайды.
Бүгінде ол жастардың үлкен қозғалысына айналды», – деді ол.

Форум барысында Жайдарман қозғалысынан шыққан жастардың кино өндірісі, медиа және креативті индустриядағы орны талқыланды. Сахнадағы шығармашылықты нақты нарықтық өнімге айналдыру және кадрлық резерв қалыптастыру мәселелері көтерілді.
Продюсер Малик Хасенов Жайдарманның кадр даярлаудағы рөліне назар аударды.
«Жайдарман – әзіл ғана емес, бұл дайын кадрлар фабрикасы. Мұнда сценарий ойлау, командамен жұмыс істеу, көрерменмен байланыс орнату сияқты киноға қажет барлық қабілет қалыптасады», – деді ол.

Форумда «Қазақстан КВН Одағы» РЖҚБ президенті Есен Елеукен, Juzmedia.kz жобасының құрушысы Тоғжан Аманалиева да спикер ретінде сөз сөйледі. Сонымен қатар Jastar Ruhy қозғалысының өкілі Ақерке Искандирова алдағы уақытта филиалдар бойынша бірлесіп жұмыс істеу жоспары бар екенін айтып:
«Саясаттан қорықпау керек. Біз бақыламаймыз, біз мүмкіндік береміз», – деді.

Іс-шара аясында «Жайдарман мектебі және кино өндірісі», «Жастар креативі: сахнадан нарыққа» тақырыптарында панельдік сессиялар өтті. Сондай-ақ биыл Жайдарман жобасы билет сату бағытында Freedom Ticketon платформасымен серіктес ретінде жұмыс істеп жатқаны айтылды.