Ақтөбе қаласының Алматы ауданындағы жеке тұрғын үйлердің бірінен әйел мен үш кәмелетке толмаған баланың мәйіті табылды. Қайғылы жағдай туралы Ақтөбе облысы әкімдігінің мәліметіне сілтеме жасап хабарлады деп жазады Juzmedia.kz.
Алдын ала дерекке сәйкес, оқиға газ жабдықтарын дұрыс пайдаланбау салдарынан табиғи газбен улану нәтижесінде болған. Қазіргі уақытта қайғылы жағдайдың нақты себептері мен мән-жайы анықталып жатыр.
Облыс әкімі тапсырмасымен жағдайды жан-жақты зерделеу үшін арнайы комиссия құрылды. Комиссияны Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет басқарады. Уәкілетті органдармен бірлесіп тексеру жүргізіліп, тергеу нәтижесіне қарай тиісті шаралар қабылданады.
Құзырлы органдар тергеу әрекеттерін бастап кеткен. Облыс әкімдігі ресми мәлімдемесінде:
«Ақтөбе облысының әкімдігі қаза тапқандардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтады. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан жерлеу рәсімін ұйымдастыруға, сондай-ақ қажетті материалдық және әлеуметтік көмек көрсетуге қолдау көрсетіледі», – делінген.