Алатау қаласында 50 мың көрерменге арналған футбол стадионы салынбайтын болды. Облыс билігі жобадан толық бас тартқанын ресми түрде мәлімдеді деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Kazinform мәліметінше, 2023 жылы Алатау қаласының алғашқы макетінде ірі жабық футбол стадионы қарастырылған. 2024 жылы қаланы дамыту шебер-жоспары таныстырылған кезде GOLDEN District аумағында, яғни агломерацияның төрт ауданының бірінде, 50 мың орындық стадион салу ұсынысы ресми түрде жарияланған еді. Алайда 2026 жылға қарай даму жоспары қайта қаралып, ауқымды спорт нысанын салу күн тәртібінен алынып тасталды.
Бұл жоба Алматыда 45 мың орындық жаңа футбол стадионын салу туралы шешім қабылданғанға дейін ұсынылған. Яғни өңірлік деңгейде екі бірдей ірі стадионды қатар салу жоспарланған болатын, бірақ кейін бұл ұстаным өзгерген.
Бұған дейінгі тәжірибе де ескерілгені байқалады. Мәселен, Қызылордада 20 млрд теңгеге салынған стадион кейін UEFA лицензиясынан өте алмаған. Бұл жағдай қымбат инфрақұрылымның тиімділігі мен халықаралық талаптарға сәйкестігіне қатысты сұрақтарды күшейткен еді.