homepage
Фото: Depositphotos.com

Таразда әйел екі баласын терезеден лақтырып жіберген

09.02.2026, 13:03

Жамбыл облысы аумағында 36 жастағы әйел бесінші қабаттан екі баласын терезеден лақтырып жіберген. Оқиға Тараз қаласындағы Төле би даңғылында орналасқан жатақханалардың бірінде болған деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Алдын ала мәліметке сәйкес, әйел 2021 жылы туған қызы мен 2023 жылы туған ұлын терезеден лақтырған. Екі бала да тірі қалып, Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасына шұғыл жеткізілді. Қазіргі уақытта олар интенсивті терапия бөлімінде жатыр.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, 2021 жылы туған бала жабық бас ми жарақатын алған, миы қатты ісінген, жамбас сүйегі сынып, сүйек бөлшектері орын ауыстырған. Оған бас миы, кеуде қуысы мен жамбас аймағына компьютерлік томография жасалып, лапароцентез жүргізілген. Ісінуге қарсы ем тағайындалған. Дәрігерлер ертең жамбас аймағына ота жасалатынын мәлімдеді.

2023 жылы туған бала да жабық бас ми жарақатын алған, миының айқын ісінуі анықталған. Оған да бас, кеуде қуысы мен жамбас сүйектеріне компьютерлік томография жасалып, лапароцентез жүргізілген. Қарсы ісінуге бағытталған терапия жүргізілді.

Факт бойынша Тараз қаласы полиция департаменті сотқа дейінгі тергеу бастаған.

«Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Екі кәмелетке толмаған бала ауруханаға жеткізілді. Қазіргі уақытта барлық қажетті тергеу шаралары жүргізілуде. Жан-жақты және объективті тергеп-тексеру нәтижесі бойынша ҚР заңнамасының талаптарына сай процессуалдық шешім қабылданады. ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес, басқа мәліметтер жариялауға жатпайды», – деп хабарлады полиция.