Ақтөбеде ерлі-зайыптыларды көлігімен қағып өлтірген полицейге сот үкімі шықты. Ер адам 9 жылға сотталып, полиция майоры шенінен де айырылды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
ОҚИҒА ОРНЫНАН ҚАШЫП КЕТКЕН
Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында анықталғандай, 2024 жылдың шілде айында сотталушы С. спирттік ішімдік ішкен күйде, «Kia Sportage» маркалы автокөлігін «Ақтөбе-Ақжар» тасжолы бойымен 121 км жылдамдықпен басқарып келе жатқан.
«С. Ақжар-1 ауылы маңында бір бағытта жол бойымен жүріп бара жатқан велосипед жүргізішісі К. мен оның қасында отырған Н.-ді соғып, жол-көлік оқиғасын жасап, салдарынан екі адам да оқиға орнында көз жұмған. Осыдан кейін сотталушы С. жол-көлік оқиғасынан ауыр зардаптар келгенін біліп, жәбірленушілерге ешқандай көмек көрсетпей, полиция бөліміне хабарламай, қылмыстық жауапкершіліктен құтылу мақсатымен қасақана жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетіп қалған», - делінген хабарламада.
ТАҒАЙЫНДАЛҒАН ЖАЗА
Сот қылмыстық жаза тағайындау кезінде сотталушының қылмыстық жауаптылық пен жазасын жеңілдететін мән-жайлар ретінде оның бұрын сотталмағанын, жас балаларының барын ескерді.
Сотталушы С. өзi берген сертін бұза отырып, қылмыстық құқықбұзушылық жасауын қылмыстық жауаптылығы мен жазасын ауырлататын мән-жай деп таныды.
«Сот үкімімен сотталушы С. кінәлі деп танылып, оған өмір бойына көлік құралын басқару құқығынан айыра отырып, 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ ҚК-нің 49-бабының 1-бөлігіне сәйкес сотталушы полиция майоры шенінен айырылды», - делінген хабарламада.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.