homepage
Фото: Reuters

Жапонияда кезектен тыс парламент сайлауы өтіп жатыр

08.02.2026, 13:36

8 ақпан, жексенбі күні Жапонияда парламенттің кезектен тыс сайлауы басталды. Негізгі интрига — биліктегі партия заң шығарушы органда көпшілік мандатқа ие бола ала ма деген сұрақ. Елдің бірқатар өңірінде рекордтық қар жаууына байланысты дауыс беру уақыты қысқартылды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Дауыс беру жергілікті уақытпен таңғы 7:00-де басталып, кешкі 20:00-ге дейін жалғасады. Ел бойынша 44,6 мыңнан астам сайлау учаскесі ашылғанымен, қолайсыз ауа райына байланысты олардың шамамен 40 пайызы ертерек жабылады. Сайлау комиссиясы бюллетеньдерді жеткізу мен дауыс санау барысында қауіпсіздік толық қамтамасыз етілетінін айтты.

Сауалнамаларға сәйкес, премьер-министр Санаэ Такаичи бастаған консервативті коалиция төменгі палатадағы 465 орынның 300-ден астамын иеленуі мүмкін. Егер Либерал-демократиялық партия мен Жапон инновациялық партиясы 310 мандат алса, оппозицияның жоғарғы палатадағы бақылауын да еңсере алады. Такаичи коалиция көпшіліктен айырылса, қызметінен кететінін мәлімдеген.

Сайлауға барлығы 1 284 кандидат қатысып отыр. Оның 289-ы бірмандатты округтер арқылы, ал 176-сы партиялық тізім бойынша бөлінеді. 64 жастағы Такаичи қазан айында билікке келгеннен кейін тік мінезімен және белсенділігімен, әсіресе жастар арасындағы әлеуметтік желідегі ықпалымен танылды. Жастар арасында оның стиліне байланысты «санакацу-мания» ұғымы да пайда болған.

Reuters агенттігінің жазуынша, Жапонияда сайлау әдетте жылы мезгілде өтеді, ал ақпандағы бұл дауыс беру — соғыстан кейінгі тарихтағы үшінші жағдай. Бұған премьер-министрдің 19 қаңтарда парламентті таратып, кезектен тыс сайлау жариялауы себеп болды. Бұл соңғы екі жылдағы екінші мерзімінен бұрын өткен сайлау.