Үндістанның Фаридабад қаласында жәрмеңке кезінде аттракцион құлап, 13 адам түрлі жарақат алды, бір полиция қызметкері қаза тапты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Оқиға қаладағы жәрмеңкеде «цунами» көрінісін бейнелейтін аттракционда болған. Алдымен құрылғы істен шығып, бір жағына қисайған. Осы сәтте полиция қызметкері зардап шеккендерге көмек көрсетуге ұмтылған, алайда дәл сол кезде әткеншек толықтай құлаған. Ауыр жарақат алған полицей кейін ауруханада көз жұмды.
Аттракционда 26 адам болған. Қаза тапқан полицей — Палвале қаласында қызмет атқарған инспектор Джагдиш Прасад. Сондай-ақ екі әйел полиция қызметкері жарақат алған. Жалпы 12–13 адамның денсаулығына зиян келген, олардың басым бөлігінде жеңіл жарақат, ал 2–3 адамның жағдайы ауыр деп бағаланып отыр. Барлығы да есін біледі. Аттракциондар техникалық тұрғыда жарамды болғанымен, оқиғаның нақты себебі анықталмаған. Қазір арнайы комиссия құрылып, апаттың мән-жайын тексеріп жатыр. Құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғады, – деді Харьяна штатының бас министрі.
Зардап шеккендердің барлығы медициналық мекемелерде ем қабылдап жатыр.