Испанияның Ла-Нусия қаласында өткен беделді Boxam Elite халықаралық турнирінің финалдық жекпе-жектері аяқталып, Қазақстан құрамасы жалпы саны 17 медаль еншіледі, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
3–8 ақпан аралығында өткен турнирде ерлер мен әйелдер арасындағы жарыстарда қазақстандық құраманың 11 боксшысы финалға шықты. Оның ішінде екі салмақ дәрежесінде финал толықтай қазақстандық спортшылар арасында өтті, бұл кемінде екі алтын медальға кепіл болды.
50 келіге дейінгі салмақта Санжар Ташкенбай испаниялық Исмаэль Маграуимен кездесіп, үш раундтың барлығында басым түсіп, қарсыласын екінші раундта нокдаунға жіберді. Бұл жекпе-жек Қазақстан құрамасының екінші алтынымен аяқталды. 55 келіде Махмуд Сабырхан ағылшын Эллис Троубриджбен айқаста бірінші раундта техникалық жеңіске жетіп, үшінші алтынды иеленді. 70 келіде Торехан Сабырхан алғашқы раундта ұтылғанына қарамастан, қалған екі раундта басымдық танытып, тағы бір алтын әкелді.
75 келіде Аман Қонысбеков үнді боксшысы Акаштан ұтылып, күміс медаль алды. 85 келіде Нұрбек Оралбай ирандық Ариан Саид Панахты барлық раундта айқын басымдықпен жеңіп, бесінші алтынды қоржынға салды. 90 келіде Сағындық Тоғамбай испаниялық Эммануэль Рейес Плаға жол берді. Ал 90+ келіде Айбек Оралбай мен Нұрасыл Асылхан арасындағы қазақстандық финалда Айбек Оралбай чемпион атанды.
Әйелдер арасында Назерке Серік англиялық Кайла Алленге есе жіберіп, күміс жүлдегер болды. 80 келіден жоғары салмақта Үмида Садықова мен Панар Сейтханқызы арасындағы финал бірінші раундта тоқтатылып, Садықова Қазақстан құрамасының алғашқы алтынын иеленді, ал Сейтханқызы күміс медаль алды.
Бұл жарыс Қазақстан ұлттық құрамасы үшін жаңа бас бапкер Нұржан Нәсанов жетекшілігіндегі алғашқы ресми халықаралық турнир болды. Ол 10 қаңтарда қызметке тағайындалып, Қайрат Сәтжановты алмастырған еді.