homepage
Фото: Ашық дереккөзден

Балаева: жаңа Конституцияда дін мен мемлекет нақты ажыратылған

07.02.2026, 15:33

Жаңа Конституция жобасында дін мен мемлекеттің аражігі нақты ажыратылып көрсетілген. Бұл туралы Конституциялық комиссияның тоғызыншы отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева айтты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

«Жаңа Конституция жобасында дін мен мемлекет нақты ажыратылған, сондай-ақ білім беру мен тәрбиенің зайырлы сипаты белгіленген. Зайырлы білім қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты нығайтуға ықпал етеді», — деді Аида Балаева.

Сондай-ақ Конституция жобасында неке – ер мен әйелдің өз еркімен құрылған, тек құқықты одақ екені айқын бекітілген. Аида Балаеваның сөзінше, бұл норма отбасы институтының маңызын арттырып, дәстүрлі құндылықтарды құқықтық деңгейде қорғамақ. 

«Бұл қоғамдағы отбасының тұрақтылығын күшейтеді, дәстүрлі құндылықтарды қорғайды және әйелдердің құқықтары мен заңды мүдделерін нығайтады», — деді ол.

Бұған дейін комиссия отырыстарында жаңа Конституция жобасында биліктің шексіз шоғырлануына жол берілмейтіні, елдің аумақтық тұтастығы өзгермейтіні және қыз алып қашу мен мәжбүрлі некеге тосқауыл қоятын нормалар енгізілетіні де айтылған.