homepage
Фото: kaznpu.kz

Беделді университеттің бұрынғы ректорының қитұрқы әрекеті әшкереленді

07.02.2026, 17:05

Алматыда прокуратура Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті ғимараттарының бір бөлігін мемлекет меншігіне қайтарды. Тексеру барысында университет нысандары бұрынғы ректордың жақын адамдарының иелігіне заңсыз өтіп, кейін сол ғимараттардың өзі оқу орнына қайта жалға берілгені анықталды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Медеу ауданы прокуратурасының мәліметінше, тексеру кезінде мемлекет пен университет мүддесіне қайшы жолмен үшінші тұлғаларға берілген бірнеше нысан белгілі болған. Соның бірі — Қазыбек би көшесінде орналасқан №4 оқу-спорт корпусы. Ғимараттың жалпы аумағы шамамен 1400 шаршы метр. Прокуратура дерегіне сәйкес, 2003 жылы сол кездегі ректор Тоқмұхамед Садықов бұл нысанды «өзіне жақын» компанияға заңсыз сатқан.

«Мемлекеттік мүлікті сату туралы шешімді уәкілетті орган емес, университет ректоры өз бетінше қабылдаған. Бағалау жүргізілмеген, конкурс өткізілмеген, мүлік тараптардың өзара келісімімен өте төмен бағаға берілген», — деп хабарлады прокуратура.

Ғимарат жекенің қолына өткеннен кейін университет оны қайта жалға алған.

«Шарт бойынша жалға алушы — университет — алғашқы 30 айда ай сайын 1 миллион теңге, одан кейін ай сайын 2 миллион теңге төлеуге міндеттелген», — деп нақтылады қадағалау органы.

Прокуратураның мәліметінше, нәтижесінде оқу орны өз спорт ғимараты үшін жеке меншік иелеріне шамамен 78,9 миллион теңге төлеген. Сонымен қатар жатақхана маңындағы аумағы 208,8 шаршы метр болатын павильон да мемлекетке қайтарылды.

«Кейінгі мәмілелердің барлығы бір-бірімен байланысты, формалды сипатта болған. Нысан бұрынғы ректордың отбасына қатысы бар адамдар арасында бірнеше рет рәсімделіп, кейін жақын туыстарына сыйға берілген. Осылайша мүлік іс жүзінде мемлекеттік меншіктен шығарылған», — деді Медеу ауданының прокуратурасы.

Сот бұл мәмілелердің барлығын заңсыз деп танып, нысандарды мемлекет пен университет иелігіне қайтару туралы шешім шығарды.