XXV қысқы Олимпиада ойындары Италияның Милан қаласында салтанатты түрде ашылды. Төрт жылда бір өтетін дүбірлі дода осылайша ресми түрде басталды деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Мемлекеттер шеруінде Қазақстан құрамасының көк байрағын шорт-тректен өнер көрсететін Денис Никиша мен фристайл-могул спортшысы Аяулым Әміренова алып шықты. Ашылу рәсімі биыл бір мезетте төрт түрлі алаңда ұйымдастырылды. Денис Никиша Миландағы негізгі салтанатқа қатысса, Аяулым Әміренова шаңғы жарыстары өтетін Ливиньо қаласындағы рәсімде болды.
Олимпиада алауы тарихта алғаш рет екі жерде қатар жағылды: Миландағы салтанат қақпасында және Кортина-д’Ампеццо қаласындағы Piazza Dibona алаңында. Ашылу рәсімі «Armonia» — «Үйлесім» атауымен өтті. Милан–Кортина Олимпиадасы 6–22 ақпан аралығында ұйымдастырылады.
Бұл додаға әлемнің 90-нан астам елінен мыңдаған спортшы қатысып, қысқы спорттың түрлі түрлері бойынша жүлделерді сарапқа салады. Қазақстан құрамасы Олимпиадада 36 спортшымен 10 спорт түрінен сынға түседі.