homepage
фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Temu-дің Түркиядағы кеңсесінде тінту жүргізілді

04.02.2026, 13:45

21 қаңтарда Түркияның монополияға қарсы органы қытайлық Temu маркетплейсінің елде орналасқан кеңсесінде тінту жүргізді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Қытай тарапы тінту барысында кеңселерден компьютерлер мен ноутбуктер тәркіленгенін мәлімдеді. Алайда Түркияның бәсекелестік жөніндегі ведомствосы Temu кеңсесінде тексеру жүргізілгенін растағанымен, техниканың тәркіленгені туралы ақпаратты жоққа шығарды. Ведомство бұл мәліметті «шындыққа сәйкес келмейді» деп мәлімдеді.

«Біз Түркия билігімен барынша ынтымақтастық орнатамыз», – деді Temu онлайн-маркетплейсінің өкілі.

Уәкілетті органдар тінтудің ресми себептерін жарияламады, алайда біл тексеріс Temu-ға қатысты тергеудің басталғанын білдірмейтінін хабарлады. Соған қарамастан, тінтуден кейін қытайлық Temu және Shein интернет-дүкендері Түркиядағы сатылымдарын уақытша тоқтатып немесе ішінара шектеуге мәжбүр болған. Қазіргі таңда платформалар тек жергілікті өндірістегі тауарларды және ел аумағындағы қоймаларда бұрыннан бар өнімдерді ғана сатып жатыр. 

Бұл шешімге елдегі салық режиміндегі өзгерістер де әсер еткен болуы керек. Түркияның Сауда министрлігі құны 30 еуроға дейінгі тауарларға арналған жеңілдетілген кедендік рәсімді алып тастайтын болды. Заңнамадағы өзгерістер 1 ақпаннан бастап күшіне енеді. Осылайша, ресми Анкара ЕО пен АҚШ үлгісімен отандық өнеркәсіпті қорғау шараларын қолға алды. 

Айта кетейік, Стамбұлдағы Temu кеңсесі 2025 жылдың маусым айында, Сауда министрлігі шетелдік маркетплейстерден заңды тіркеуді талап еткеннен кейін ашылған болатын.

Жергілікті БАҚ, жүргізілген тексерулер қытайлық онлайн-платформалар арқылы импортталатын тауарлардан уытты және канцерогенді заттардың табылғанын хабарлап жатыр. Осыдан кейін Түркияда импорт ережелерін қатаңдату талаптары күшейе түсті.

Еске сала кетсек, Temu кеңселерінде тінту жұмыстары Дублинде де жүргізілген. Онда маркетплейс әкімшілігі Қытайдан заңсыз субсидия алды деген күдікке ілінген.

Айта кетейік, Қазақстанда құны 200 еуродан аспайтын сәлемдемелерден баж салығы алынбайды. Бұл мүмкіндікті қытайлық маркетплейстер өз тауарларын Қазақстанға жіберу кезінде пайдаланып отыр. Ал қазақстандық кәсіпкерлер тауар импорттаған кезде кедендік баж бен салық түрлерін толық көлемде төлейді.