homepage
Фото: gov.kz

Қыз алып қашуды дәріптейтін әндерге тыйым салынуы мүмкін

06.02.2026, 13:02

Қазақстанда қалыңдық ұрлау мен мәжбүрлі некені дәріптейтін әндер мемлекет назарында болады. Бұл туралы Сенат кулуарында Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов айтты деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Журналистер соңғы кезде қыз алып қашуға қарсы жұмыс күшейгенімен, бұл тақырыпты романтикалық түрде көрсететін әндер әлі де шығып жатқанын айтты. Вице-министр мұндай туындылар ескерусіз қалмайтынын жеткізді.

 «Қысқа да нұсқа жауап берейін: иә, біз бұған назар аударамыз. Оның үстіне, қазақстандық әртістерді көптеген ел тыңдайды, сондықтан мұндай дүниелерге мән беретін боламыз», – деді Евгений Кочетов.

Ол бұл мәселеде қоғам мен бұқаралық ақпарат құралдарының қолдауына үміт артатынын айтты.

Бұған дейін Парламентте де сериалдар мен контентте қыз алып қашуды ақтайтын көріністер бар екені айтылған. Ал Мәдениет және ақпарат министрлігі заңға қайшы, зорлықты насихаттайтын контенттің таралуына жол бермеу үшін сарапшылармен жұмыс істеп жатқанын хабарлаған.