Сенат креативті индустрияларды қолдау және дамытуға қатысты заңға өзгерістерді мақұлдады. Түзетулерге сәйкес, Қазақстанда түсірілген және шетелдік фильмдер прокатқа шығар алдында арнайы экспертизадан өтетін болады деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Сенат бекіткен заң мәдениет саласын жаңғыртуды және креативті индустрияларды жеке экономикалық сектор ретінде қалыптастыруды көздейді. Құжат «Мәдениет туралы», «Кинематография туралы», «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» және «Мемлекеттік мүлік туралы» заңдарға өзгеріс енгізеді.
Ең басты жаңалық – фильмдерге прокат куәлігін беру мерзімі 7 емес, 30 жұмыс күніне дейін ұзартылды. Осы уақыт ішінде уәкілетті орган фильмді арнайы комиссия арқылы тексеріп, заңға қайшы белгілердің бар-жоғын анықтайды және жас санатын белгілейді.
Сонымен қатар, мәдени-көпшілік шараларды шетелдік әртістердің қатысуымен өткізу үшін оларды кемінде 30 жұмыс күні бұрын келісу міндеті енгізілді. Заңға қайшы мазмұн анықталса, мұндай шараларға тыйым салынуы мүмкін.
Заң жастарды креативті қызметке тартуды, креативті индустрия өкілдерінің құқықтарын кеңейтуді және мәдениет ұйымдарының мемлекеттік мүлкін тиімді пайдалануды да қарастырады.