homepage
Фото: Видеодан алынған кадр

Құлсарыда оқушы мектепке балта апарып, екі баланы жаралады

06.02.2026, 12:00

Атырау облысы, Құлсары қаласы Пушкин атындағы мектептің оқушысы мектепке балта апарып, қатарластарына шабуыл жасаған деп хабарлайды Juzmedia.kz.

2 жасөспірім жеңіл дене жарақатын алды. Полицияның хабарлауынша оған дейін балалар арасында жанжал болған. Күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу абақтысына жабылды.

Жарақат алған оқушыларға дәрігерлік көмек көрсетілген, олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.

«5 ақпан күні «102» пультіне Құлсары қаласында мектеп оқушысының қатысуымен болған оқиға туралы хабарлама түсті. Алдын ала мәлімет бойынша, 10-сыныпта оқитын жасөспірім қатарластарымен жанжалдан кейін оларға шабуыл жасап, мектеп аумағынан бой тасалаған. Хабарлама түскен сәттен бастап полиция қызметкерлері жедел әрекет етіп, күдіктіні анықтап, ұстады. Оқиғаға қатысы бар барлық тұлғалар, сондай-ақ олардың ата-аналары полиция бөліміне жеткізілді», - делінген ПД баспасөз қызметі жолдаға ақпаратта.

Аталған дерек бойынша бұзақылық фактісімен қылмыстық іс қозғалды. 15 жастағы күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, Ішкі істер органдарының профилактикалық есебіне алынды. Жинақталған материалдар әрі қарай шешім қабылдау үшін кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға жолданды. Сонымен қатар жасөспірімнің ата-анасына қатысты кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік іс қозғалды.

«Қылмыстық іс аясында құқықбұзушылыққа ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою жөнінде білім беру бөліміне ресми ұсыныс енгізілді. Тергеу нәтижелері бойынша білім беру ұйымының лауазымды тұлғаларының, сондай-ақ оқу орнының қауіпсіздігін қамтамасыз еткен күзет агенттігі қызметкерлерінің әрекеттеріне құқықтық баға берілетін болады»,  - делінген ақпаратта.