Қатты боранның салдарынан елдің бірқатар өңірінде көлік қозғалысы шектеліп, жолдар жабылды. Төтенше жағдай министрлігі қиын жететін аумақтарға шыққан құтқарушылар 44 адамды эвакуациялады, олардың бесеуі – балалар, деп хабарлады.
Ең күрделі жағдай Жетісу облысында тіркелді. Алакөл ауданында қалың қардан жол қатынасы үзілді. Үшарал–Достық тасжолында 11 жүк көлігі мен алты жеңіл автокөлік қар құрсауында қалды. Құтқарушылар екі баланы қоса алғанда 32 адамды жылыту пунктіне жеткізді. Медициналық көмекке жүгінгендер болған жоқ.
Осындай жағдай Ақтөбе облысында да байқалды. Ырғыз ауданындағы Құрылыс ауылы маңында төрт автокөлік қарға батып қалды. Құтқарушылар үш баланы қоса алғанда 12 адамды қауіпсіз жерге эвакуациялады.
Сонымен қатар, кеше түнде ҚазАвтожол ауа райының қолайсыздығына байланысты Қарағанды облысында бірқатар жолдың жабылғанын айтты.