Президент Пәкістанның The News International газетіне сұхбат берді. Сұхбат барысында журналист Қасым-Жомарт Тоқаевтан Гренландияның болашағына қатысты пікірін сұрады. Атап айтқанда, «әскери оккупация болуы мүмкін бе, әлде қандай сценарий шындыққа жақын?» деген сауал қойылған. Мемлекет басшысы бұл мәселеге өзгеше қарайтынын айтты деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Президенттің сөзінше, халықаралық тәжірибеде мемлекеттердің белгілі бір аумақты немесе стратегиялық нысанды жалға беру туралы келісімдер жасаған мысалдары бар. Мұндай мәмілелер, әдетте, ортақ мүдде мен өзара тиімді мақсаттарға негізделеді.
«Халықаралық тәжірибеде мемлекеттер белгілі бір аумақты немесе стратегиялық нысанды жалға алу шартын жасаған мысалдар аз емес. Әдетте ортақ мүдде және өзара тиімді мақсатқа жету тұрғысынан осындай мәмілелер жасалады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы тұрғыда Президент АҚШ пен Дания арасында Гренландияны ұзақ мерзімге жалға беру туралы келісім жасауға болатынын айтты.
«Мәселен, АҚШ пен Дания Гренландияны 120 жылға жалдау туралы келісім жасай алар еді. Бұл мәміле аясында Гренландия заң жүзінде Данияның бір бөлігі болып қала береді, тиісінше оның егемендік құқығы бұзылмайды. Ал практикалық уағдаластықтар стратегиялық мүдделерге сай келеді», – деді Мемлекет басшысы.