Алматы облысында төрт адамнан тұратын отбасы мүшелері өлі күйінде табылды. Бұл ақпаратты облыстық Төтенше жағдайлар департаменті растады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Қайғылы оқиға Сарыбастау ауылында, Райымбек ауданында болған. Ашық дереккөздердегі мәліметке сәйкес, қаза тапқандардың арасында 1955 және 1974 жылы туған екі ер адам, 1984 жылы туған әйел адам және бір жарым жастағы қыз бала бар. Отбасының қыстауда тұрғаны айтылған.
Алматы облыстық ТЖД-ның ресми мәліметінше, Сарыбастау ауылындағы шаруа қожалығы аумағында болған оқиға туралы хабар 2 ақпанда түскен. Жеке тұрғын үйден төрт адамның мәйітін туыстары тапқан. Қазіргі таңда оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр, өлім себептерін белгілеу үшін сот-медициналық сараптама тағайындалған.
Оқиға орнына Алматы облысының ТЖД күштерімен қатар полиция департаментінің қызметкерлері және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері барған. Тергеу амалдары жүргізілуде.