Солтүстік Қазақстан облысында мектеп оқушысы сірке қышқылын ішіп, өмірмен қош айтыспақ болған деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Оқиға Айыртау ауданына қарасты Гусаковка ауылында кеше болған. 16 жастағы оқушы сабаққа келгеннен кейін мұғалімінен дәретханаға шығуға рұқсат сұраған. Кейін белгілі болғандай, ол өзімен бірге сірке қышқылы құйылған бөтелке алып жүрген.
Мектептің санитарлық бөлмесінде болған кезде қыз бала қауіпті сұйықтықты ішіп, қатты химиялық күйік алған. Біраз уақыттан соң оны мектеп қызметкерлері байқап, жедел жәрдем шақырған. Алдымен аудандық ауруханаға жеткізілген жасөспірім кейін санитарлық авиация арқылы Петропавл қаласына жеткізілді.
Қазіргі ол облыстық балалар ауруханасында дәрігерлердің бақылауында, жағдайы ауыр. Оқушының мұндай әрекетке не себепті барғаны әзірге белгісіз. Мән-жайы анықталып жатыр.