Астанада Орталық Азиядағы ең ірі кафедралды православие шіркеуі салынады. Оның құрылысы қалаға кіре беріс жақта, атап айтқанда Қабанбай батыр мен Тұран даңғылының қиылысына жақын жерде басталған. Бүгін Астана қалалық мәслихатының депутаты Бауыржан Смаилов шіркеудің кімнің қаржысына салынып жатқанына қызығушылық білдіріп, елорда әкімдігінің өкіліне сауал қойды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
«Сіздер Орталық Азиядағы ең үлкен шіркеуді салатыныңызды айттыңыздар. Оны кім қаржыландырады? Бізге осындай шіркеу шынымен керек пе? Бұл мәселе талқыланды ма? Оның қажеттілігі зерттелді ме? Бізде үлкен де, кішкентай да шіркеулер бар. Қалаға кіре берісте осындай алып шіркеу салу, менің ойымша, мақтанатын жағдай емес»,-деді ол.
Нұра ауданының әкімі Ришат Тұрдыбеков жобаның 2018–2019 жылдары бекітілгенін және құрылысқа бюджет қаражаттары бөлінбейтінін, тек қайырымдылық қаражаттары арқылы жүзеге асырылатынын түсіндірді. Сондай-ақ ол бұл мәселе бойынша кейін қосымша ақпарат беретінін атап өтті.