Қостанай облысында алимент төлеуден жалтарып жүрген ер адам жеке сот орындаушысына шабуыл жасаған. Ж. Хамзина есімді жеке сот орындаушысы борышкерден алимент өндіру және оны әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін барған кезде ер адам оның сол жақ бетін пышақпен тіліп жіберген, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Шабуыл жасаған азаматтың өз екі баласына 318 326 теңге қарызы бар. Соған қарамастан, ол алимент төлеуден қашып, міндетін орындаудан жалтарып жүрген.
«Республикалық жеке сот орындаушылар палатасы алимент өндіру жөніндегі қызметтік міндетін атқару кезінде әріптесімізге жасалған шабуылды қатаң айыптайды. Біз мұндай әрекетті заңды өрескел бұзу және мемлекет берген өкілеттік аясында қызмет етіп жүрген адамның өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіру деп бағалаймыз. Суық қарумен жасалған шабуыл – бұл бір сот орындаушысына ғана емес, тұтас заңға, тәртіп пен әділеттілікке қарсы жасалған қылмыс», – деп мәлімдеді палата өкілдері.
Жеке сот орындаушылар палатасы күдіктіні қатаң жауапкершілікке тартуды және істің әділ әрі ашық тергелуін талап етіп отыр. Палата өкілдерінің айтуынша, мемлекеттік сот орындаушылары қызмет барысында денсаулығына зиян келсе, оларға әлеуметтік қолдау қарастырылған. Ал жеке сот орындаушылары үшін мұндай қорғау тетігі жоқ.