ҚазАвтоЖол компаниясының мәліметіне қарағанда ауа райының қолайсыздығына байланысты Ақмола және Ұлытау облыстарында бірқатар тасжолдарда көлік қозғалысы уақытша тоқтатылды деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Ақмола облысында 5 ақпан күні сағат 10:00-ден бастап барлық көлік түрлері үшін қозғалыс шектелді. Шектеу Астана – Атбасар – Жақсы – Рузаевка – Сарыкөл – Қостанай – Ресей шекарасы бағытындағы автожолдың 16–347 шақырым аралығын қамтиды.
Ұлытау облысында да дәл осындай шектеу енгізілді. Сағат 10:30-дан бастап Жезқазған – Арқалық – Петропавл республикалық маңызы бар автожолының 24–137 шақырым аралығында барлық көлік түрлерінің жүруіне уақытша тыйым салынды. Алдын ала ақпарат бойынша, бұл жол 5 ақпан күні сағат 15:00-де қайта ашылуы мүмкін.
Жол қызметтері жүргізушілерге ауа райы тұрақталғанша алыс жолға шықпауға кеңес береді. Қажет болған жағдайда көлікті қысқы жағдайға сай дайындап, жанармай қорын жеткілікті деңгейде ұстап, жолдағы қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады.