Бүкіләлемдік бокс ұйымы World Boxing Organization 2026 жылғы қаңтарға арналған жаңартылған рейтингін жариялады. Жаңа тізімге сәйкес, қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы өз орнын сақтап қалды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Жаңартылған рейтингте орта салмақта WBO және IBF белбеулеріне ие Әлімханұлы көш бастап тұр. Ал International Boxing Federation рейтингін 2025 жылғы желтоқсаннан бері жаңартпаған. Соған қарамастан, қолданыстағы деректер бойынша, қазақстандық боксшы бұл ұйым аясында да әлем чемпионы мәртебесін сақтап отыр.
Сонымен қатар, желтоқсан айында WBA чемпионы, кубалық Эрисланди Ларамен жоспарланған жекпе-жек алдында Әлімханұлы допинг дауына іліккен. Талдау барысында оның қанынан 2016 жылдан бері тыйым салынған мельдоний препараты анықталды. Осыған байланысты үшінші чемпиондық белбеу үшін өтуі тиіс жекпе-жек өтпей қалды.
Боксшының командасы мен Қазақстанның кәсіби бокс федерациясы Voluntary Anti-Doping Association ұйымынан екінші сынаманы қайта тексеруді сұраған. Қайта жүргізілген сараптама да тыйым салынған заттың бар екенін растады.