homepage
Фото: Ашық дереккөзден

Lamborghini және миллиондар: Жанабыловтарға қатысты тергеу аяқталды

05.02.2026, 10:37

Қаржылық мониторинг агенттігі блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты қылмыстық істі тергеуді аяқтады. Оларға заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу және қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру күдігі тағылып отыр деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Тергеу деректеріне сәйкес, ерлі-зайыпты блогерлер Instagram желісіндегі 15 миллионнан астам жазылушысы бар аудиторияның сеніміне сүйеніп, заңсыз табыс табатын схема құрған. 2025 жылы олар онлайн-курс сатып, қатысушыларды тартудың негізгі тетігі ретінде қымбат сыйлықтар ойнатылатынын жариялаған.

Іс материалдарында ұсынылған бейнесабақтардың мазмұны мәнсіз, контенттің едәуір бөлігі ашық дереккөздерден, оның ішінде YouTube платформасынан көшіріп алынғаны анықталған. Тергеу блогерлер бұл курстарды лицензиясыз лотереяны бүркемелеу құралы ретінде пайдаланған деп отыр.

Сыйлық қоры да блогерлердің жеке қаражаты есебінен емес, қатысушылардан курс ақысынан жиналған. Сонымен бірге, электронды «барабан» жүйесінің параметрлеріне әдейі өзгерістер енгізілгені анықталды: 5 мың теңгелік ұтыстың ықтималдығын арттырып, ал керісінше қымбат жүлделердің жеңіп шығу мүмкіндігін төмендетілген.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, блогерлер көпшілікке 11-автокөлік табысталды деп жариялап, ең көп репост жасаған қатысушы жеңімпаз болады деген ақпарат таратқан. Алайда іс жүзінде жеңімпаз анықталмаған, жүлде берілмеген.

Агенттік дерегіне сай, «Zhana Business» ЖШС-нің есепшотына халықтан 247,5 млн теңге түскен, оның 60 млн теңгесі депозитке орналастырылған. Сот санкциясымен 10 автокөлікке, оның ішінде Lamborghini Urus пен Lexus LX 600-ге, сондай-ақ 17 iPhone-ға тыйым салынды.

Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегенова үйқамақ алынды. Қазір олар қылмыстық істің материалдарымен танысып жатыр. Тергеудің өзге деректері Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жарияланбайды.

Еске сала кетейік, 2025 жылғы 9 қазанда апелляциялық алқа блогерлердің шағымдарын қанағаттандырмай, істі әкімшілік сипаттан қылмыстық іске ауыстырған. Кейін Қаржылық мониторинг агенттігі олардың үстінен қылмыстық іс қозғалғанын растады. Қолданыстағы баптарға сәйкес, күдіктілерге екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. 

Ерболат Жанабылов пен Эльмира Толегенова Қазақстандағы ең танымал блогерлердің қатарында: Ерболаттың парақшасына 8,4 млн, Эльмираның аккаунтына 7,1 млн адам жазылған, ал олар ұйымдастырған ұтыс ойындарына әлеуметтік желіде көп адам қатысады.