Германияда өлтірілген қазақстандық экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның күйеуі Александр Донцов Мәскеуде қанен-қаперсіз күн кешіп, ондағы оқу орнында бес ай бойы ғылыми қызметкер болып еңбек етіп жүргені анықталды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
112 телеграм арнасының журналистері Александр Донцовты Мәскеуден тауып, бейнежазбаға түсірген. Видеода ол өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, қылмысқа қатысы жоқ екенін айтады.
«Мұның бәрі өтірік, жала. Арандатуға ермеңіздер, сенбеңіздер, мұндай бандиттік әдістерге алданбаңыздар», – дейді ол жазбада.
Арнаның мәліметінше, 2 ақпанда Александр және Наталья Донцовтар Мәскеудегі Тергеу комитетінде түсініктеме берген. Алайда Наталья Донцова Ресей Конституциясының 51-бабын пайдаланып, тергеушімен сөйлесуден бас тартқан.
Сонымен қатар желіде тараған тағы бір бейнежазба көпшіліктің назарын аударды. Онда өзін Жоғары экономика мектебінің студентімін деп таныстырған жас жігіт Александр Донцовтың осы оқу орнында жұмыс істейтінін айтқан.
«Бүгін мен өз факультетімде күдікті маньяк бар екенін білдім. Бұл адам бес айдан бері ҰИУ Жоғары экономика мектебінде жұмыс істейді. Ол менің сабақтарым жиі өтетін ғимаратта қызмет атқарады», – дейді студент.
Журналистер оқу орнының ресми сайтындағы деректерді тексерген. Онда Александр Донцовтың бұл оқу орнында бес айдан бері қызмет атқарып жүргені, «Оқытушылар» бөлімінде анкетаcы орналастырылғанын анықтаған. Сайттағы ақпаратқа сәйкес, ол Әлем экономикасы және саясат факультетінің ғылыми қызметкер болып істейді.
Айта кетейік, 2024 жылғы маусымда Германияда Қазақстан азаматы Айгүл Сайлыбаеваның жоғалып кеткені белгілі болды. ҚР Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, 5 маусымда Франкфурт-на-Майндегі Қазақстанның бас консулдығына азаматтар екі күн бұрын қыздарының хабар-ошарсыз кеткені туралы жүгінген.
Кейінірек жоғалған әйелдің мәйіті Бенсхайм қаласының маңынан табылғаны хабарланды. Немістің Bild басылымы оның денесі пластик қаптан табылғанын және зорлап өлтірілгенін жазды. Германияның құқық қорғау органдары адам өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Дармштадт сотының шешімімен Айгүл Сайлыбаеваның енесі Наталья Донцова күдікті деп танылып, Германия мен өзге де Еуропа елдерінде оны қамауға алу туралы ордер жарияланды.
2025 жылғы 13 қарашада Қазақстанның Ішкі істер министрлігі Айгүл Сайлыбаеваны азаптау фактісі бойынша тергеу бастағаны белгілі болды. Қазақстанда марқұмның күйеуі мен енесі іздеуге жарияланған. Ал 2 ақпанда Ресейдің Тергеу комитеті Александр мен Наталья Донцовтардың Мәскеуде болуы мүмкін екенін тексеруді тапсырды.