Мәжіліс депутаты Аманжол Алтай Қазақстанда “шығыс медицинасы”, “қытай медицинасы”, “ине терапиясы”, “мануалды терапия” атауымен қызмет көрсететін орталықтардың жұмысына бақылауды күшейту ұсынды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Депутаттың айтуынша, осындай ем көрсететін орталықтарға азаматтардан шағым көбейе түскен.
“Өтініштерде лицензиясыз немесе тиісті біліктілігі жоқ тұлғалардың медициналық қызмет көрсетуі, санитарлық талаптарды бұза отырып инвазиялық процедуралар жүргізу, тіркелмеген препараттарды қолдану, сондай-ақ ауыр диагноздарды “емдеп жазамыз” деп уәде беретін жаңылыстыратын жарнама фактілері көрсетіледі”, – деді Аманжол Алтай.
Ол кейбір орталықтардың қысқа мерзімге ашылып, кейін атауын немесе мекенжайын өзгерту арқылы бақылаудан жалтарып кететінін атап өтті.
“Әсіресе Қытай Халық Республикасының азаматтары өзін “жоғары білікті дәрігер” ретінде таныстырып, төрт-бес ай бойы халыққа қызмет көрсетіп, пациенттердің сеніміне кірген соң орталықты жауып, елден кетіп қалатын жағдайлар ерекше алаңдатады”, – деді депутат.
Оның сөзінше, мұндай әрекеттер азаматтардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіріп, қоғамның денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімін әлсіретеді. Осыған байланысты депутат қызмет түрлерін заңды түрде нақты жіктеуді, инвазиялық процедуралар жүргізетін орталықтарға бақылауды күшейтуді, медициналық қызмет көрсететін шетел азаматтарын цифрлық тізілім арқылы міндетті түрде тіркеуді, тіркелмеген дәрілер мен онлайн-жарнамаға ведомствоаралық бақылауды арттыруды және азаматтарға лицензияны тексеру жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізуді ұсынды.
Айта кетейік, Қазақстанда 118 медициналық ұйым тексерілмек. Ал Денсаулық сақтау министрлігі медициналық қызметті лицензиялаудың бес жылдық мерзімін енгізуді жоспарлап отыр.