Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов мектептердегі дайындық деңгейінің төмендігі ата-аналарды ақылы репетитор мен оқу орталықтарына жүгінуге итермелеп отырғанын айтты. Бұл туралы ол премьер-министрдің атына жолдаған депутаттық сауалында айтты деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Депутаттың дерегінше, 2025 жылғы негізгі ҰБТ-ға қатысқан 210 мың түлектің тек 76 пайызы ғана шекті балл жинаған. Орташа көрсеткіш – 69 балл. Ал әр төртінші түлек ең төменгі межеден аса алмаған.
«Бұл көрсеткіштер түлектерді даярлауда, жалпы мектептердегі білім сапасында терең мәселелер бар екенін көрсетеді», – деді ол.
Депутаттың айтуынша, қалыптасқан жағдай ата-аналарды амалсыздан репетитор жалдап, ақылы орталықтар іздеуге итермелеп отыр. Оның сөзінше, бұл білімге тең қолжетімділік қағидатына тікелей қайшы.
«Себебі бір сыныпта отырған балалардың мүмкіндігі бірдей емес. Бірі қосымша сабақ алады, бірі ала алмайды. Ал айырмашылық ҰБТ нәтижесінде айқын көрінеді», – деді Магеррам Магеррамов.
Осыған байланысты депутат үкіметке ҰБТ-ға дайындықты мектеп деңгейінде күшейтуді, мемлекеттік онлайн-портал іске қосуды және тестілеу нәтижелерін жүйелі түрде талдап отыруды ұсынды.