homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Салық берешегі қанша болса есепшоттар бұғатталады?

04.02.2026, 15:15

Салық берешегі 20 АЕК-тен асса, қазақстандықтардың есепшоттары бұғатталад деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Мемлекеттік кірістер комитеті салық берешегі қандай мөлшерден асқанда азаматтардың банк есепшоттарына шектеу қойылатынын нақтылады. Комитеттің аудит департаменті берешекпен жұмыс басқармасының басшысы Қайсар Арынның айтуынша, алғашқы шектеу шаралары салық қарызы 20 айлық есептік көрсеткіштен асқан кезде қолданыла бастайды. 2025 жылы бұл сома 86 500 теңгеге тең.

Осы шектен асқан жағдайда өсімпұл есептеліп, салық төлеушіге хабарлама жіберіледі. Белгіленген мерзімде қарыз өтелмесе, банк есепшоттары бойынша шығыс операциялары, касса және инкассалық өкімдер тоқтатылады. Қарыз мөлшері 45 АЕК-ке дейін, яғни 2025 жылы 194 625 теңгеге жеткенде де дәл осы шаралар сақталады.

Берешек ұзақ уақыт өтелмеген жағдайда дебиторлық қарызды өндіріп алу, мүлікті түгендеу актісін жасау, мүлікті өткізу, акциялар шығару шаралары қолданылуы мүмкін. Ал ең соңғы сатыда сот шешімімен салық төлеушіні банкрот деп тану ықтималдығы бар.

Бұған дейін хабарланғандай, егер салық төлеуші негізгі қарыз сомасын 2026 жылғы 1 сәуірге дейін толық өтесе, салық бойынша есептелген өсімпұл мен айыппұлдар есептен шығарылады.