homepage
Фото: Shutterstock.com

Базарларда танымал брендтердің жалған түрлері сатылған

04.02.2026, 13:35

Қазақстанға контрафакт өнімдер мен танымал брендтердің жалған тауарлары заңсыз әкелініп, кейін қала базарларында сатылған. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов айтты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Депутаттың айтуынша, ел аумағында жалған Colgate тіс пастасы сатылған. «Өнімі сырт көзге түпнұсқаға ұқсас болғанымен, қаптамасы мен таңбалануы талапқа сай болмаған», – деді ол. Сонымен қатар, Алматы мен Шымкент базарларынан Bonduelle брендімен сатылған жалған консервіленген көкөністер анықталған.

«Құрылыс материалдары, алкоголь өнімдері, құрғақ ашытқы сияқты тауар топтары бойынша да контрафакт деректері тіркелді. Бұл өнімдер құжатсыз, міндетті таңбалаусыз және санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысыз таратылған, бұл азаматтардың қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіреді», – деді Мархабат Жайымбетов депутаттық сауалында.

Оның мәліметінше, 2025 жылы тәркіленген контрафакт өнімдерінің көлемі 2024 жылмен салыстырғанда 10 есе артқан. Алайда мажилисмен бұл көрсеткіш көлеңкелі айналымның нақты ауқымын толық ашпайтынын атап өтті. «Шынайы көлемі бұдан әлдеқайда жоғары болуы мүмкін», – деді ол.

Депутат контрафакт өнімдердің басым бөлігі кеден мен салықты айналып өтетін «сұр» схемалар арқылы, әсіресе Ресей және Қытаймен шекара арқылы, оның ішінде Қорғас бағытында кіргізілетінін айтты.

Осыған байланысты Мархабат Жайымбетов Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин атына жолдаған депутаттық сауалында бірқатар ұсыныс айтты. Атап айтқанда, соңғы бес жылдағы заңсыз импорт көлемін зерттеп, тауарлар мен тарату арналарының бірыңғай дерекқорын құруды, өнімнің түпнұсқалығын кодты сканерлеу арқылы тексеруге мүмкіндік беретін мемлекеттік платформаны іске қосуды, кейбір тауарларды тек ресми дистрибьюторлар арқылы сатуды енгізуді және контрафакт өндіру, әкелу мен сатқаны үшін қылмыстық әрі қаржылық жауапкершілікті қатаңдатуды ұсынды.